Футболдан Чемпиондар лигасы жартылай финалындағы бірінші ойында "Реал" (Испания) мен "Челси" (Англия) тең тарқасты. Мадридте өткен кездесуде 1:1 есебі тіркелді.
"Альфредо ди Стефано" стадионында өткен ойында бірінші болып лондондық команда есеп ашты. 14 минутта Кристиан Пулишич қақпашы Тибо Куртуа мен қорғаушылардан айласын асырып, допты қақпа торында тулатты. Араға 15 минут сала "корольдік клуб" таразы басын теңестірді. Шабуылшы Карим Бензема мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ Чемпиондар лигасындағы 71-ші голын соғып, Раульмен теңесті. "Реалдың" бұрынғы шабуылшысы мен қазіргі шабуылшысы 4-ші орынды тең бөлісіп тұр.
Екі команда арасындағы қарымта ойын 5 мамыр күні Лондонда өтеді. Ал ертең жартылай финалдағы "ПСЖ" мен "Манчестер Сити" арасындағы ойынды жанкүйерлер тамашалайтын болады.