- Негізгі бет
- Спорт
- Чемпиондар лигасы. Холанд...
Чемпиондар лигасы. Холанд бір ойында 5 гол соққан үшінші футболшы
Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі команда белгілі болды. Бірі – "Манчестер Сити" (Англия), екіншісі – "Интер" (Италия).
"Манчестер Сити" (Англия) – "Лейпциг" (Германия) 7:0
Бірінші ойын есебі – 1:1
Ағылшындық клуб қарымта ойында ірі есеп айырмасымен жеңіске жетті. Германиядан келген клуб "Этихадта" алаң иелеріне қауқары жетпек түгіл, қарсылық та көрсете алмады. Ал "Манчестер Сити" шабуылшысы Чемпиондар лигасындағы бір ойында 5 гол соққан үшінші футболшы атанып, тарихқа енді. Бәлкім, алтыншы голын да соғып қалар ма еді... Хосеп Гвардиола ойыншыны уақытынан бұрын алмастырмағанда. Бұған дейін Чемпиондар лигасы тарихында бір ойында 5 гол соққан Лионель Месси мен Луис Адриано болатын. Бұл қатарға Холанд есімі қосылды.
Ойындағы өзге екі голдың бірін Илкай Гюндоган, екіншісін Кевин де Брюйне өз еншісіне жазды.
"Порту" (Португалия) – "Интер" (Италия) 0:0
Бірінші ойын есебі – 0:1
"Драгау" стадионындағы ойын драмаға толы болды. Әсіресе ойын аяқталар тұста алаң иелері шабуылдан бет қаратпады. Бірде италиялық клубтың қақпашысы Онана допты қайтарса, енді бірде қақпа бағанынан қайтты, тағы бірде "Порту" футболшыларына сәттілік жетіспеді. Осылайша, бірінші ойындағы есеп нәтижесімен "Интер" 12 жылдан кейін ширек финалға шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Чемпиондар лигасының ширек финалына "Бенфика" (Португалия), "Челси" (Англия), "Бавария" (Германия) және "Милан" (Италия) клубтары шыққан еді.
16 наурыз күні түнде 1/8 финалдағы "Реал" - "Ливерпуль" және "Наполи" - "Айнтрахт" ойындары өтеді.
Ширек финал мен жартылай финалдың жеребесі 17 наурыз күні Швейцарияның Ньон қаласында тартылады.
О. Сансызбай