Лондондық "Челсидің" шабуылшысы Дастан Сәтбаев Аустралиядағы маусым алдындағы турне аясында "Тоттенхэмге" қарсы матчті қосалқы құрамда бастайды. Ол екінші таймда алаңға шығуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Негізінен қосалқы құрам мен жастар өнер көрсеткен "Вестерн Сидней Уондерерске" қарсы өткен матчпен салыстырғанда, екінші кездесуде ойынға негізгі құрам футболшылары қосылады.
Матчке Шарман-Лоу, Палестра, Фофана, Колвилл, Хато, Эссуго, Лавиа, Эстевао, Палмер, Гиттенс, Жоау Педро қатысады.
Дастан Сәтбаев қосалқы құрамда қалды. Вингер екінші таймда алаңға шығуы мүмкін.
"Челсидің" маусым алдындағы матчтерін тегін әрі заңды түрде көру мүмкін емес. Лондондық клуб жолдастық кездесулердің трансляциясын ресми сайтында ұйымдастырды. Жазылым құны - 13 доллар (6206 теңге), ал бір матчті көру - 6 доллар (2864 теңге).
Трансляция Қазақстан уақытымен 14:35-те басталады.
Еске салайық, Дастан Сәтбаевтың "Челсиге" ауысатыны былтыр жарияланған болатын, бірақ ол тек 2026 жылғы маусымда "Қайраттан" кетіп, Лондонға қоныс аударды.
17 жастағы Сәтбаев - футболдан Қазақстан құрамасы тарихындағы ресми кездесулерде гол соққан ең жас автор. Сонымен қатар, ол Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының алғашқы ондығына кіреді.
Transfermarkt порталында Сәтбаевтың құны қазір 3,5 миллион еуроға бағаланып отыр. Бұл - Қазақстан құрамасының барлық ойыншылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, Ағылшын премьер-лигасындағы маусым 24 тамызда басталады, ал қазір "Челси" Аустралия мен Азияда маусым алдындағы турнеде жүр. Сиднейдегі матч - алдағы бес кездесудің алғашқысы.
Бұған дейін лондондық "Челсидің" бас жаттықтырушысы Хаби Алонсо "Тоттенхэммен" өтетін матч алдындағы баспасөз мәслихатында Дастан Сәтбаевты атап өткен болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз