Бұрын-соңды болмаған тарихи жеңіс: Тоқаев дзюдошыларды әлем чемпионатындағы жетістігімен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жеке сында алтын медальға ие болуымен құттықтады.

Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Қазақстандық дзюдошылар әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола - барлығы 11 медаль жеңіп алып, отандық дзюдо тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді.

Кеше кешкісін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ, ұлттық федерациямен сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін халықаралық ұйым басшысына ризашылығын білдіріп, соның нәтижесінде елімізде дзюдо күресі кеңінен дамып келе жатқанына тоқталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!