Бокстан Черногорияның Будва қаласында өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақ боксшылары сегіз медаль иеленді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Турнир қорытындысында қазақстандық боксшылар 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль еншіледі.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында ресейлік Самира Итониеваны 4:1 есебімен жеңген Зарина Толыбай әлем чемпионы атанды.
Бибарыс Әшірбай (70 келіге дейін), Алина Құдайгенова (57 келіге дейін) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) күміс жүлдеге ие болды.
Мәдира Жұмақан (51 келіге дейін), Индира Қыдырмолдаева (60 келіге дейін), Данияр Ақбисенов (60 келіге дейін) және Еркетаң Жарқынбек (90 келіге дейін) қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан атынан Будвадағы әлем чемпионатына 20 боксшы – ерлер мен әйелдер арасында он спортшыдан қатысты.
Жалпыкомандалық есепте 5 алтын және 5 күміс медаль иеленген Ресей құрамасы бірінші орын алды.
4 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен Өзбекстан екінші орынға тұрақтады. Ал 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған АҚШ құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жалпы медальдар есебінде төртінші орын алды.
Будвадағы 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионаты World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!