Қазақстан астанасы теннистен ATP санатындағы ең ірі турнирлердің бірін өткізуге дайындалып жатыр. Әлемдік деңгейдегі жарысқа жер-жаһанның бірқатар танымал теннисшісі қатысады деп жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атап айтар болсақ, қазірдің өзінде еліміздегі байрақты додаға ATP рейтингте 26-сатыға жайғасқан еліміздің бірінші ракеткасы, Германияның Галле қаласында мәресіне жеткен АТР 500 турнирінің жеңімпазы Александр Бублик, "Үлкен дулыға" санатындағы ең ірі үш турнирдің жеңімпазы, Олимпиада чемпионы, ATP санатындағы 19 турнирдің жеңімпазы, "Дэвис кубогінің" иегері, әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы швейцариялық Стэн Вавринка, бірқатар ірі жарыстың жеңімпазы, әлемнің экс үшінші ракеткасы аустриялық Доминик Тим, жастар арасындағы "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы, жастар арасындағы әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазіргі таңда ересектер арасындағы рейтингте 32-орында тұрған америкалық Себастьян Корда қатысатындарын мәлімдеді.
Айта кетейік, елордадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында өтетін ATP 250 санатындағы Astana open турнирі биыл үшінші мәрте ұйымдастырылмақ. Бұл турнир бұған дейін елімізде 2020 және 2021 жылдары өткізілсе, былтыр Қазақстан теннис тарихында алғаш рет АТР 500 сериялы жарыстың жалауы желбіреген еді.
Жүлде қоры 1 017 860 АҚШ доллары болатын турнир астанада 26 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!