Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Уимблдон-2026 "Үлкен дулыға" турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Әлемдік рейтингте 11-орында тұрған және жарыстың 10-ракеткасы ретінде тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 139-ракеткасы, франциялық Кириан Жакемен кездесті.
Кездесу үш сетке созылып, Александр Бубликтің жеңісімен аяқталды: 6:3, 6:4, 7:6 (7:5).
Теннисшілер кортта 1 сағат 50 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Александр Бублик 15 эйс жасап, екі қос қатеге жол берді және сегіз брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.
Осылайша, қазақстандық теннисші Уимблдонның үшінші айналымына шықты. Ол келесі кезеңде америкалық Фрэнсис Тиафо және Ұлыбритания өкілі Ян Чоински арасындағы кездесу жеңімпазымен ойнайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!