- Негізгі бет
- Спорт
- Бублик пен Недовесов...
Бублик пен Недовесов Аделаидадағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 40-орында тұрған ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік таластырды.
Бірінші партияда Эванс ширақтық танытты – 6:4. Есесіне екінші сетте Бублик ойын тізгінін қолына алды – 6:2. Үшінші, шешуші партияда қарсыласын ойсырата ұтты – 6:1.
Екі сағатқа созылған бәсеке барысында Бублик 21 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 25-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен кездеседі.
Ал Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге екінші айналымда жарыстың 7-ракеткалары, ұлыбританиялық Ллойд Глaсспул – нидерландтық Жан-Жюльен Ройермен кортта кездесті. Қазақстандық-эквадорлық дуэт 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Енді олар ширек финалда германиялық теннисшілер Хендрик Йебенс пен Константин Франценмен кездеседі.
Екі матч ертең өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан