Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды

Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы Мартон Фучовичпен шеберлік байқасты.

Тартысты өрбіген бірінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Александр Бублик брейк жасады: 7:5. Екінші партия барысында теннисшілер брейк алмасты. Дегенмен есеп 4:4 болғанда, қазақстандық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді: 6:4. Үшінші сетте Мартон Фучович 4:2 есебімен алға кетті. Десе де қарқын алған Александр Бублик дес бермеді: 7:5.

Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 62-ракеткасы Томас Мартин Этчеверримен ойнайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget