- Негізгі бет
- Спорт
- Бір салмақта белдесетін...
Бір салмақта белдесетін қаны қазақ 3 балуан
1 тамыз күні грек-рим күресінен Токио Олимпиадасындағы белдесулер басталады. Бір қызығы, 60 килоға дейінгі салмақта 3 елдің атынан қаны қазақ 3 балуан бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы сапында бұл салмақта (-60 кило) Мейрамбек Айнағұлов ел намысын қорғайды. 1994 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионатының күміс (2017 ж) және қола (2019 ж) жүлдегері. Азия чемпионаттарында күміс (2017), қола (2016, 2018) жеңіп алды. 2018 жылы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Тәжірибелі балуан.
Мейрамбек Айнағұлов 1/8 финалда қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековпен белдеседі. Оның жеңсе, ширек финалда түрік Керем Камал мен молдован Виктор Гиовану арасындағы белдесудің жеңімпазымен кездеседі.
60 килоға дейінгі салмақта Өзбекстан туы астында бақ сынайтын қандасымыз – Елмұрат Тасмұратов. Халықаралық жарыстарда қара үзіп, талай ірі жарыстарда топ жарған. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында екі рет қола, бір рет күміс алған. Азияның 5 дүркін жеңімпазы. Елмұрат Тасмұратов — Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. Ұлттық құрамаға қабылдана алмағандықтан, Өзбекстан атынан шығуды таңдаған. 2010 жылы көрші елдің азаматтығын алған.
Елмұратқа бірінші белдесуде украин Лемур Темиров қарсылас атанды.
Қытайдағы этникалық қазақ Уалихан Сайлике де осы салмақта жүлде үшін таласқа түседі. 1992 жылы дүниеге келген. Аспан асты елі атынан халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген балуан. 1/8 финалда неміс Этьен Кинсенгермен белдеседі.
Егер балуандар екі бірдей жеңіске жетсе, жартылай финалда Елмұрат пен Уалихан жолығады. Мейрамбек Айнағұловпен финалға дейін жолдары түйіспейді.
Токио Олимпиадасында бақ сынайтын қаны қазақ балуандарға сәттілік тілейміз!
Т. Есқали