- Негізгі бет
- Спорт
- «Боксымыз – бір...
«Боксымыз – бір төбе, басқа спортымыз – бір төбе» деген ұғымды жою керек – Н. Сасаев
Кейінгі жылдары бокс әлемі төңірегінде дау көп. Әуесқой бокста төрешілердің бұра тартуы, Олимпиадада салмақтың азаюы, жемқорлық, тағысын тағы толып жатқан мәселелер айтылып та, жазылып та жүр. Осы спорт түріне келгенде жерлестерімізден көбірек жүлде күтетініміз де жасырын емес. Алайда бокстың елімізде дамуы мен болашағы жайлы ойланатын кез де келген секілді. Осы мәселені белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев facebook желісіндегі жазбасында арнайы көтеріп, бокс болашағын сын көзбен айшықты бағамдайды.
Боксты қойсақ қайтеді, ағайын...
Кешіріңіздер, «айтылмаса, сөз жетім» дейді, қазақ. Бізге бар ынтамыз бен назарымызды боксқа ғана аударуды қою керек сияқты. Бокс ата-бабамыздан мұраға қалған өнер емес. «Білектің күшін» көрсету керек болса, ескек есу спорты, теннис және т.б. бар. «Найзаның ұшын» сомдау қажет болса, найза лақтыру, ядро серпу және семсерлесудің үш түрі (қылыш, рапира, шпага) бар. Ал бокс еріккен бай-манаптардың қызыққа батып, сауық-сайран құру үшін шығарған ермектері екенін де естен шығармайық. Құлдарға тірі қалып, тойып тамақ ішу үшін берілетін бір ғана мүмкіндік еді. Рас, кейіннен спорт түріне икемдеп, ережелер енгізіп, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді, - деп жазады Н. Сасаев.
Кейінгі жылдары бокс спорты Олимпиада ойындарынан алынып тасталуы мүмкін деген де мәселе көтеріліп жүр. Ал біз жүлдені асыға күтетін бұл спорт түрі алынып тасталса қалай болмақ?
Заман өзгеріп, бокс өркениетті елдер үшін спорт және өнер мәртебесінен айырыла бастағандай. Олимпиада ойындары бағдарламасындағы ерлер арасында сарапқа салынатын медальдар жиынтығы кеми бастады. Енді, бірер жылдан кейін Олимпиада бағдарламасынан шығарылып тасталуы да ғажап емес. Бұл жерде бар кінәні тек Төрешілер мен жекпе-жектер шешіміне арта салуға болмайды. Әрине, «аяқтан шалу», «бұра тарту», «әділ шешім шығармау» фактілері де жиі кездеседі. Мәселенің төркіні, бокстың спорттан гөрі – бет бұзып, бас жарар төбелеске етене жақын екендігінде. Түптің түбінде, бокс та «ережесіз төбелестер» сияқты тек кәсіпқой спорт түріне айналып жатса, таң қалмаймыз...
Бокс Қазақстанға қашан келген?
Қазақ боксының қара нары – Әбдісалан Нұрмаханов болса, атасы – Шоқыр Бөлтекұлы. Әлемді мойындатқан Әбдісалан Шоқыр негізін қалаған мектептің түлегі, ізбасары. Сейдахмет Бердіқұловтың тілімен айтсақ, "Шоқыр Бөлтекұлы елімізге бокс қолғабын арқалап келген адам".
Ресми түрде 1933 жылы! Бокстан Қазақ еліндегі тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалап, «іргесін» тұрғызған. Ал Қазақ топырағына футбол 1913 жылы, велоспорт 1914 жылы, жеңіл атлетика 1918 жылы және т.т. келген. Бокс бізге не берді? Әрине, Олимпиада ойындарынан «7 алтын, 7 күміс, 8 қола алдық» дейміз, шіреніп. Әлем чемпионаттарынан 14 алтын, 15 күміс, 22 қола алғанымызды да, көлденең тартуға болады, - дейді спорт журналисі.
Бокстың қандай теріс әсері болды?
Спорт журналисі Нұрғазы Сасаев бокс төңірегіндегі маңызды мәселелерді де қаузайды әрі ашық айтады.
Бокс біздің жершілдікке, рушылдыққа бөлінетін алауыздығымызды ушықтыра түсті. Таза трайбализм десем, айып ете қоймассыздар... Талай жігіт «әділетсіздіктің құрбаны болдым» деп, құрлық асты, басқа елге кетті... Солардың көбісі кәсіпқой боксқа ойысып, нәпақа табуға кірісті. Бәрінің бірдей бағы жанып кеткен де жоқ. Қайсыбіреуі білікті менеджер мен әккі промоутер таппай, көп уақыт жоғалтты. Базбіреулері жарақат алып, денсаулықтарына зиян келтіріп алды...
Мен боксты мүлде қою керек демеймін. Бірақ «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демекші, «боксымыз – бір төбе, басқа спортымыз – бір төбе» деген ұғымды жою керек. Боксқа да басқа спорт түрлеріндегідей көңіл, қаражат бөлінсін, - деп жазады.
Көбірек жүлде алуға болатын спорт түрлеріне назар аударайық
Бокста бір ғана медаль аласың. Ал кей спорт түрлерінен бірнеше жүлде алуға болады. Кей ел бір спортшысының жетістігімен-ақ Олимпиадада ат оздырып жатады. Спорт журналисі де осындай спорт түрлерін дамытсақ деген ниетте.
Бұл ретте, бізге бірнеше медаль жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрлеріне көп назар аудару керек секілді. Мәселен, ұлттық болмысымыз бен ата-бабаларымыздың өнер-қабілеттеріне жақын нысана көздеу, семсерлесу, ескек есу, садақ тарту, велоспорт, жеңіл атлетика, конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек және т.б. Құралайды көзге атқан мергендік қанымызда бар. Білектің күші мен шапшаңдық та бізге таңсық емес (Қазір қол тіресуден әлемді мойындатып та жүрміз). Арғымақтың ерінде жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым жерді басып өте алатын қазаққа «белесебет» ершігінде 200-300 км-ді жүйткіп өту қиынға соқпас. Рингке қарсыласымызды нокаутқа түсіретін соққыларымызды кортта да паш етіп, жанкүйерлерді эйспен (ace) сүйсіндірейік, - деп жазбасын жалғайды.
Қазақтардың командалық спортқа икемі жоқ па?
Н. Сасаев қазақтардың командалық спортқа икемі жоқ деген кей көзқарастарды сынап, оған дәлелді пікір білдіреді.
Бізде бокс пен күрес түрлерінен басқасында Ұлттық құрама сапына ілігу – өте қиын. Бәрі де Кеңес дәуіріндегі бізге «жанашырлардың» құлағымызға құйып кеткен пәлсапаларынан басталған. Сондай мамандар біздің басшыларға «сіздер тек жекпе-жек түрлеріне ғана бейімсіздер, командалық спорт түрлеріне икемдеріңіз мүлде жоқ» деп иландырып кеткен... Бұл сөздерді бірсыпыра басшылардың ауыздарынан естігенбіз. Бірақ біз қалай айтсақ та, олар құлақ аспаған. Ал әлгі «жанашыр» мамандардың уәждеріне Абай тіліміен айтқанда, «шыбындап» бас изеген. Алайда олар бізде, яғни қазақ халқында ұлттық спорт ойыны бар екенін естерінен шығарған. Ол – көкпар. Көкпар – ерекше командалық ойын түрі. Мұнда шабандоздың ептілігі, күш-жігері, батылдылығымен қатар, астындағы аттың да қайратты, жүйрік болуы маңызды емес пе? Ал тактикалық айла-тәсілдері кейбір спорттық ойын түрлерін он орап алады.Қазақ командалық спорт түріне икемді болмаса, О.Жарылғапов, З.Жәркешев, Ж.Сауранбаев, Ә.Жармұхамедов, Н.Меңдіғалиев, Е.Аяпбергенов, А.Оразалинов, Қ.Байболов, М.Жексенбаев, С.Қалымбаев, Б.Сексенбаев, С.Шаймерден, Е.Құмарғалиев, Б.Қадырбеков, Т.Әутәліпов, М.Уанбаев және т.б. қайдан шықты? (Ұмытқандарым болса, қосарсыздар), - дейді Н. Сасаев.
Белгілі спорт журналисі қалам тербеген мәселе зор мән-маңызға ие. Еліміздегі спорттың дамуына серпін берер жобалар мен игі істерді бастар алдында осындай дүниелерді ескерсек құба-құп болар еді...
Н. Үсенова