Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне Мырзағали Айтжанов тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы (ҚБФ) хабарлады.
Мырзағали Айтжанов – ресми түрде бокстан ерлер құрамасының бас бапкері! Бұл қызметте ол команда басшысы қызметінен өз еркімен кеткен Қайрат Сәтжановты алмастырды, - деп жазды.
Қайрат Сәтжанов 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының ерлер құрамасын жаттықтырды. Осы уақыт аралығында қазақ боксшылары 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды, сонымен қатар 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында үздік өнер көрсетіп, екі чемпионатта да Қазақстан командалық медальдық есепте екінші орынға ие болды.
⠀
Мырзағали Айтжанов осыған дейін Қазақстан құрамасын 2009-2018 жылдар аралығында жаттықтырған. Ұлттық құраманың ең маңызды тарихи жетістіктері оның есімімен байланысты.
⠀
Лондондағы Олимпиада ойындарында Серік Сәпиев чемпион және Вэл Баркер кубогының иегері атанды, Рио-де-Жанейродағы ойындарда Данияр Елеусінов осы жетістікті қайталады. Команда Мырзағали Айтжановпен бірге әлем чемпионаттарында да 5 алтын медаль (2013 жылы – 4, 2017 жылы – 1) жеңіп алды.
⠀
Мырзағали Айтжанов – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1988 жылы КСРО құрамасымен жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатында жеңіске жетті.
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы.