Қазақстандық боксшы Надежда Рябец Азия чемпионатының алтын медалін тапсыру рәсімінде көз жасына ерік берді. Финалда ол Өзбекстан спортшысын жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшы 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рухшона Парпиеваны жеңіп, төрешілер шешімімен алтын медальді қанжығасына байлады.
Мансабындағы алғашқы алтынға қол жеткізген Надежда Рябец финал оңай болмағанын айтты.
"Жекпе-жек жеңіл өтті деп айта алмаймын. Айтарлықтай қиын болды. Бұған дейін де айтқанымдай, қарсыласты бағаламауға болмайды. Күрделі жекпе-жек. Өзім сәл жеңілірек болады деп ойлаған едім. Бірақ рингке тым босаңсып шыққан сияқтымын. Дегенмен үш раундта да жеңісті бізге бергеніне шүкір", - деді ол.
Надежда Рябец тұғырға көтеріліп, стадионда Қазақстан Әнұраны шырқалғанда, көз жасына ерік берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті бокстан Азия чемпионы атануымен құттықтады.
Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады. Надежда Рябец (80 келіге дейін) пен Дина Исламбекова (80 келіден жоғары салмақта) чемпион атанса, Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін) мен Валентина Хальзова (75 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова