Бокстан Азия біріншілігі: Тоқаев жеңіс тұғырынан көрінген боксшыларды құттықтады

Бокстан Азия біріншілігі: Тоқаев жеңіс тұғырынан көрінген боксшыларды құттықтады
Фото: ҚБФ

Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

"Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті. Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді", - деп жазылған хабарламада.

Азия чемпионатындағы нәтиже

Еске салайық, Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады. Надежда Рябец (80 келіге дейін) пен Дина Исламбекова (80 келіден жоғары салмақта) чемпион атанса, Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін) мен Валентина Хальзова (75 келіге дейін) қола жүлде еншіледі.

Ал Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін), Айбек Оралбай алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) күміс медальға ие болса, Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) жарысты қола медальмен аяқтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget