7 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионатының төртінші күні өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл күні Қазақстан құрамасынан бес спортшы шаршы алаңға шығады. 55 келіге дейінгі салмақта алғашқы болып Махмуд Сабырхан Мексика боксшысы Брайан Оуэн Ортиспен кездеседі. 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Украинадан келген Матвей Ражбамен жұдырықтасады. Ал Ертуған Зейноллинов Франция өкілі Юго Громен (65 келі) күш сынасады.
Әйелдер арасында Карина Ибрагимова (57 келі) Англиялық Элиза Гриннмен, ал Наталья Богданова (70 келі) Үндістан спортшысы Санамачи Чану Тхочкоммен рингке шығады.
Махмуд Сабырхан мен Нұрбек Оралбайдың жекпе-жектері күндізгі сессияда өтеді (Астана уақыты бойынша 15:00-де басталады). Карина Ибрагимова, Наталья Богданова және Ертуған Зейноллинов кешкі сессияда (22:00-де) өнер көрсетеді.
Әлем чемпионатының тікелей эфирін Qazsport телеарнасынан және оның ресми сайтынан көруге болады.
Айта кетейік, Торехан Сабырхан 1/16 финалда алжирлік Юсеф Ислам Яишті жеңіп, келесі кезеңге өтті. Сонымен қатар, Виктория Графеева Косово спортшысы Донета Садиканы ұтып, алғашқы кездесуін сәтті бастады. Ал Бейбарыс Жексен филиппиндік Джунмилардо Огайрені жеңіп, жарыстың келесі кезеңіне шықты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек