Өзбекстан бокс федерациясы Дубайда (БАӘ) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында болған оқиғаға байланысты Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) ресми апелляция жолдауды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиғаның мән-жайы
Әңгіме 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финал жекпе-жегі туралы болып тұр. Онда ресейлік боксшы Всеволод Шумков өзбекстандық Абдумалик Халоковтың құлағын тістеп алған. Жекпе-жек нәтижесінде Шумков төрешілердің бөлек шешімімен жеңімпаз атанған еді.
Өзбекстан құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузиохуновтың айтуынша, Халоков жекпе-жек барысында да, одан кейін де бұл жағдайға байланысты ресми шағым түсірмеген.
Алайда қолданыстағы ережелерге сәйкес, тістеу секілді өрескел тәртіп бұзушылық үшін боксшы дисквалификациялануы, ал жеңіс жәбірленген спортшыға берілуге тиіс. Егер IBA бұл эпизодты ереже бұзу деп таныса, Абдумалик Халоков үшінші рет әлем чемпионы атануы мүмкін.
Айта кетейік, мұндай жағдай бұған дейін де өзбекстандық боксшының қатысуымен болған. 2024 жылдың желтоқсанында Таиландта өткен Азия чемпионатында Хавасбек Асадуллаев финалдық жекпе-жекте қарсыласын иығынан тістегені үшін дисквалификацияланған. Нәтижесінде жеңіс қазақстандық Абылайхан Жүсіповке берілген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz