Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмурат Муталип Париж Олимпиадасындағы сыйақылардың кешіктірілуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2025 жылдың 20 мамырында Астанада Қазақстан бокс федерациясының жылдық конференциясы өтті. Жиынға аймақтық федерация басшылары мен ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов қатысты.
Сондай-ақ шараға Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмурат Муталип қатысып, Tengri Sport тілшісіне Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада жүлдегерлеріне және Сербиядағы әйелдер арасындағы әлем чемпионатының медаль иегерлеріне төлемдер туралы сұрақтарға жауап берді.
— Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай тоғыз ай бойы сыйақыларын ала алмай жүрді. Мұндай жағдайда федерация спортшыларын мемлекет алдында қорғай ма?
"Біреу әдейі кешіктіріп жатыр деген дұрыс емес. Мұнда өз ерекшеліктері бар – мысалы, допинг-бақылау процесі 2-3 айға дейін созылады. Егер спортшы допинг-тестен өтпей қалса, оған төлем де берілмейді. Бірақ қазір мемлекет барлығын белгіленген мерзімде орындап жатыр деп ойлаймын, олар өз сыйақыларын алды. Яғни ресми кешіктіру болған жоқ. Сонымен қатар Олимпиададан кейін федерация тарапынан да сыйақылар берілді", – деді Шахмурат Муталип.
— Ал Сербиядағы әлем чемпионатының медаль иегерлеріне төлемдер қалай жүргізіліп жатыр?
"Федерация тарапынан төленді, ал IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) тарапынан әзірге белгісіз. Бұл мәселені нақтылау керек", – деп қосты ол.
Еске салайық, Париждегі (Франция) Олимпиада ойындары өткен жылдың 11 тамызында аяқталған болатын. Онда қазақстандық спортшылар жеті медаль жеңіп алды (1 алтын, 3 күміс, 3 қола).
Заң бойынша 49 спортшы мен 63 жаттықтырушы сыйақы алуы тиіс еді. Алайда Олимпиада аяқталғаннан кейін сегіз айдан астам уақыт өтсе де, қаражат көпке дейін берілмеген. 2025 жылдың сәуір айының соңында бұл туралы қола жүлдегер Назым Қызайбай біздің порталымызға мәлімдеген еді. Ол сондай-ақ Олимпиададан кейін Алматы әкімдігі пәтер мен көлікке сертификат табыстағанымен, пәтердің кілтін әлі алмағанын айтқан. Әкімдік сол кезде тұрғын үй 1,5–2 ай ішінде берілетінін ескерткен.
Назымның бұл сөзі қоғам мен медиада резонанс тудырды. 23 сәуірде үкімет жүлде төлемдеріне қатысты қаулы қабылдап, 25 сәуірге қарай Туризм және спорт министрлігі Париждегі медаль иегерлеріне сыйақы аударған. Сонымен қатар Алматыда да шу шыққаннан кейін, медаль иегерлеріне жедел түрде жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет