2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында (Италия) өтетін қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын тәжірибелі спортшылар - Денис Никиша мен Аяулым Әмренова алып шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-ға сілтеме жасап.
Денис Никиша - кейінгі жылдары шорт-тректен Қазақстан құрамасының жарқын өкілдерінің біріне айналды. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінде елге кеңінен танылған спортшы атанды. Ол 500 метр қашықтықта әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарында және Қазақстан мен әлемдегі ең мықты спринтерлердің бірі саналады.
Никишаның еншісінде әлем чемпионатының екі күміс медалі бар. Алғаш рет ол 2024 жылы әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтеріліп, мұндай жетістікке қол жеткізген тұңғыш қазақстандық атанды. Бір жылдан кейін бұл нәтижесін қайталап, өз есімін тарихқа алтын әріппен жазды.
2022/23 жылғы маусымда Денис Никиша 500 метр қашықтық бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, әлемдік көшбасшылармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдеді. 2025 жылғы Азия ойындарында ол ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафетада тарихи жеңіске жеткен құраманың мүшесі болды. Еске салайық, Харбинде Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен ел қоржынына Азиададағы алғашқы алтын медальді салды. Сондай-ақ Никиша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлдегер атанған.
Денис Никиша үшін бұл - төртінші Олимпиада. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында ол 500 метрде сегізінші орын алып, аралас эстафетада команданың бесінші орын иеленуіне үлес қосты.
Аяулым Әмренова - фристайлдан әйелдер арасында Қазақстанның ең тәжірибелі спортшыларының бірі. Оның могулдағы спорттық жолы ерте жастан басталып, жас кезінен-ақ халықаралық деңгейге шығып, ұлттық құраманың тұрақты мүшесіне айналды.

Әмренова 2018 жылғы Пхенчхан және 2022 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарына қатысып, бұл спорт түрінен қатарынан екі Олимпиадада өнер көрсеткен қазақстандық спортшылардың бірі болды.
2025 жылғы қысқы Универсиадада Аяулым параллельді могул сайысында күміс медальға ие болып, өз деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әр жылдары ол Еуропа кубогының кезеңдерінде алтын медальді қоса алғанда, бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
Ұзақ уақыт бойы ол Қазақстан құрамасының маңызды мүшесі ретінде тұрақты нәтижелері мен ірі жарыстардағы мол тәжірибесін ұштастырып келеді. Айта кетейік, Аяулым Әмренова 2025 жылғы Универсиадада Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болған.
Бұған дейін туды кімдер алып шыққан еді?
Тәуелсіз Қазақстан тарихында әр жылдары Мемлекеттік туды биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, хоккей және шаңғымен тұғырдан секіру спорт түрлерінің өкілдері алып шықты.

1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында Қазақстан туын шаңғымен тұғырдан секіруші Қайрат Бекенов алып шықты.
1998 жылы Наганода бұл мәртебе аңызға айналған шаңғышы, Олимпиада чемпионы Владимир Смирновқа сеніп тапсырылды.
2002 жылғы Солт-Лейк-Ситиде өткен ойындарда құраманың ту ұстаушысы конькимен жүгіруші Радик Бикчентаев болды.
2006 жылы Туринде Мемлекеттік туды хоккейші Александр Корешков алып шықты.
2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында бұл міндетті биатлоншы Диас Кенешев атқарды.
2014 жылы Сочиде Қазақстан құрамасының шаңғышысы Ердоc Ахмадиев туды алып шықты.
2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында ту шорт-трекші Абзал Әжғалиевке сеніп тапсырылды.
Ал 2022 жылы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан алғаш рет екі ту ұстаушымен шықты. Мемлекеттік туды шорт-трекші Абзал Әжғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова көтерді.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Италияда 6-22 ақпан аралығында өтеді. 23 қаңтарда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ту ұстаушыларға Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz