Биыл Азия ойындарында Қазақстан құрамасының туын кім алып шығады?

Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен Қазақстан құрамасының мүшесі Сарвиноз Миркадирова Жапониядағы жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында ұлттық құраманың туын алып шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Спортшыларға туды туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады. Олар туды 19 қыркүйекте Нагоя қаласында өтетін Азияда-2026 ресми ашылу салтанатында алып өтеді.

Елдос Сметов - 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, 2016 жылғы Олимпиаданың күміс және 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Сондай-ақ, оның қоржынында әлем чемпионаты мен 2014 жылғы Азия ойындарының алтын медальдары бар.

Сарвиноз Миркадирова - Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол WTT Feeder санатындағы халықаралық турнирлерде жүлдеге ие болған, сондай-ақ, әлем және Азия чемпионаттарына қатысқан.

Азиада-2026 ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Нагоя қаласындағы Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!