Қазақстанның үздік шахматшысы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жалақысы қысқарғаны, уәде етілген қаржылай қолдау жоқ екені туралы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялап, қаржыландыру мәселесіне қатысты қиындыққа тап болғанын айтты. Оның сөзінше, Norway Chess турниріне дайындық жиыны өзінің жеке жүлде қоры мен ата-анасының қаражаты есебінен өтелген.
"Осы маңызды турнир алдындағы жиындар жеке жүлде қорым мен ата-анамның қаражатына ұйымдастырылды. Осы жарыс үшін секунданттар мен сарапшылардың ақысын әлі төлеген жоқпыз", - деді Бибісара Асаубаева.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бұдан бөлек, шахматшы шахматтан әлем чемпионатының алтын медалі үшін берілетін сыйақы 2 мың доллар (976 мың теңге) екенін, ал Олимпиаданың марапат иелеріне 250 мың доллар (122 миллион теңге) төленетінін айтты.
Сондай-ақ, ол бұған дейін Спорт министрлігінен 1 миллион теңге көлемінде ресми жалақы алып келгенін, алайда кейін ол үш есе қысқарғанын жеткізді. Оның сөзінше, федерация тарапынан мүлдем жалақы төленбейді.
Бибісара Асаубаеваның айтуынша, министрліктегілер Sport Qory арқылы қолдау көрсетуге уәде берген, бірақ ақша түспеген.
Ал туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев чемпионға "толық қолдау көрсетіліп жатқанын" мәлімдеді. Ол шахматшыға қанша теңге төленгенін де айтты.
"Бүгінде Бибісараға министрлік тарапынан да, Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан да толық қолдау көрсетіліп жатыр. Алдыңғы жылдармен салыстырсақ, 2024 жылы Бибісараға 64 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінді", - деді брифингте туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Дегенмен ол жалақы миллион теңгеден шамамен үш есеге қысқарғанын мойындады.
"Бибісара 2023-2024 жылдары Спортты дамыту дирекциясы желісі бойынша миллион теңге жалақы алып тұрды. Кейін шахмат басым спорт түрлерінің тізіміне кірмегендіктен, оның келісімшарт сомасы төмендетілді. Қор арқылы көрсетілетін қолдауға келер болсақ, оған биыл 100 миллион бөлінді, одан кейін қосымша қаражат бөлуге өтініш берілді. Өтініш мақұлданды, бірақ қаражат жетіспеушілігіне байланысты ақша бөлінбеді. Сонымен қатар, министрлік желісінен бөлек, федерация қаржысын есепке алғанда, оған биыл 210 миллион, былтыр 160 миллион теңге бөлінді", - деп толықтырды шенеунік.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева - ел тарихында ең көп марапатқа ие шахматшы, ол әлемдік рейтингте бесінші орында тұр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!