Бүгін Үндістан астанасы Делиде шахматтан әйелдер арасындағы Гран-придің 7-туры мәресіне жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық Бибісара Асаубаева үндістандық Хампи Конерумен тең түскеніне қарамастан, қытайлық Жу Цзинерді артқа тастап, көш басына шықты.
Қазір 6 ойыннан кейін Бибісараның еншісінде 4,5 ұпай бар. Ал Жу Цзинерде 4 балл. Екі шахматшы бүгін 8-турда кім мықтыны анықтамақ.
Айта кетейік, қазақстандық шахматшы кеше Полина Шувалованы, оның алдында тағы бір үндістандық Харика Дронаваллиді сенімді ұтқан. Делидегі Гран-придің 3-кезеңі 6 сәуірде аяқталады.
Еске салайық, қазақстандық шахматшылар Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік Нью-Делиде (Үндістан) шахматтан Гран-при турниріндегі жағдайға байланысты жанжалдасып қалған болатын.
Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Instagram әлеуметтік желісінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікті өзімшілдік пен кәсіпқойлығына қатысты қатаң айыптаған жазбасын жариялады. Бұған Жансая Әбдімәлік жауап берген еді. Ол Бибісара Асаубаеваның өзіне қарсы айтқандарына мән бермеуге тырысқанымен, "тойтарыс беретін кез жеткенін" жазды.
Артынша, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович Үндістанда өткен әйелдер Гран-приінің 11 қатысушысына жергілікті ұйымдастырушылар жіберген қателіктер үшін кешірім сұрап, хат жолдады. Қазақстандық Жансая Әбдімәлік хат жолданған шахматшылар қатарында жоқ.
Бұл жайтқа қатысты Қазақстан шахмат федерациясы да пікір білдірді. Олар осы турнирге қатысты барлық мәселе ФИДЕ мен Үндістандағы турнирді ұйымдастырушыларының құзырында екенін атап өтті.
Кейіннен Бибісара Асаубаева Үндістанда болған жағдайға қатысты тағы да пікір білдіріп, мәселеге нүкте қойғандай болды.
Спорт эмоцияларының бас демеушісі 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!