“Барыс“ ойыншысы алдағы маусымда қандай нәтиже күтетінін айтты

Елордалық "Барыстың" америкалық қорғаушысы Райли Уолш клубпен жаңа келісімшартқа отырғаннан кейін алдағы маусымдағы мақсатын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ-тық қорғаушы қазақстандық клубпен бір жылға, яғни 2027 жылғы мамырға дейін келісімшарт жасасты. Келесі маусымда хоккейші астаналық командамен бірге плей-офф кезеңіне шығуды көздеп отыр.

Былтырғы 2025/26 маусымында Райли Уолш 46 ұпай жинап, 10 гол соғып, 36 нәтижелі пас берді. Осылайша ол "Барыстың" үздік сұрмергендерінің бірі атанды.

Сондай-ақ қорғаушылар арасында соққан голы мен жинаған ұпайы бойынша лигадағы үздік төрт хоккейшінің қатарына енді.

"Сәлем, "Барыс" жанкүйерлері! Мен Райли Уолшпын. Тағы бір маусымға қалып, сіздердің алдарыңызда қайта өнер көрсететініме өте қуаныштымын. Маусымды сәтті өткізіп, плей-оффқа шығу және одан да жоғары нәтижеге жету үшін бірнеше айдан кейін командамен қайта қауышуды асыға күтемін. Маусымның басталуын тағатсыздана күтіп жүрмін. Жазды жақсы өткізіңіздер. Рақмет!" – деді хоккейші.

Сарапшы әрі комментатор Александр Олейник Райли Уолшты клуб құрамында қалдыру қажет үш легионердің бірі ретінде атаған еді.

"Мен кімді қалдырар едім? Шамасы, Томпсон, Масси және Уолш. Қалғандары аса таңғалдырған жоқ", – деді Олейник маусым қорытындысы бойынша SauBall YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Қазір "Барыс" Уолш, Томпсон және Массимен келісімшартты ұзартқанын ресми түрде жариялады. Ал келісімшарттары 31 мамырда аяқталатын өзге шетелдік ойыншылар – Иэн Маккошен, Макс Уиллман, Мэйсон Морелли, Эмиль Галимов және Майкл Веккьонемен әзірге жаңа келісім жасалған жоқ.

Еске сала кетейік, 2025/26 маусымында "Барыс" Шығыс конференциясында 10-орынға тұрақтап, қатарынан төртінші рет Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне шыға алмады.

Дегенмен соңғы жылдары алғаш рет клуб бүкіл маусымды бір бапкермен – Михаил Кравецпен өткізді. Кейін онымен келісімшарт ұзартылды.

Маусым аяқталғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында Кравец командаға күшейту қажет екенін және құрамды тұрақты чемпионат басталғанға дейін ертерек жасақтау маңызды екенін айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!