- Негізгі бет
- Спорт
- "Барселона" футбол клубының...
"Барселона" футбол клубының жаңа президенті сайланды
"Барселона" футбол клубының жаңа президенті сайланды. Клуб президенті болып 58 жастағы испан заңгері Жоан Лапорта атанды.
Жоан Лапорта бұған дейін де "Барселона" президенті болған. Ол бұл қызметті 2003-2010 жылдар арасында атқарды. Осы кезеңде клуб төрт рет Ла Лиганы, екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Жалпы алғанда 12 турнирде топ жарған.
Клуб президентіне кандидаттар қатарында Виктор Фонт пен Тони Фрейша болды. Эмили Руссо мен Аугусти Бенедито сайлауды жалғастырмай, өз кандидатурасын алып тастаған.
Сайлау нәтижесі бойынша Лапорта 54,28 пайыз (30 184 дауыс) жинады. Виктор Фонтқа 29,99 (16 679), Тони Фрейшаға 8,58 (4 769) адам дауыс берген.
Былтыр қазанда Хосеп Мария Бартомеу "Барселона" президенті қызметінен кеткен болатын. Кейінгі жылдары клуб нәтижесі төмендеп, команда капитаны Лионель Месси клубтан кетпек болған еді.
Т. Раушанұлы