“Барселона“ Чемпиондар лигасында тарихи жеңіске қол жеткізді

Каталониялық "Барселона" әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымының финалында француздық "Лионды" ойсырата жеңді. Кездесу Ослодағы (Норвегия) "Уллевол" стадионында өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Барселона" футболшылары Эва Пайор мен Сальма Паральюэло дубль жасаса, француз қыздары қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Матч 4:0 есебімен аяқталды.

Турнирдің алдыңғы кезеңдерінде каталониялық клуб мадридтік "Реалды" жалпы 12:2 есебімен, ал мюнхендік "Баварияны" 5:3 есебімен тізе бүктірген еді. "Лион" болса финалға барар жолда немістің "Вольфсбургін" 4:1, лондондық "Арсеналды" 4:3 есебімен жеңді.

Каталониялық клуб үшін бұл жеңіс әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасындағы төртінші табыс болды. Былтыр да олар турнирдің финалына шыққан, бірақ "Арсенал" футболшыларынан 0:1 есебімен ұтылып қалған еді.

Ал француз клубы "Лион" бұл турнирдің ең атақты командасы саналады: олардың еншісінде сегіз трофей бар, соңғысын 2022 жылы жеңіп алған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз