Каталондық "Барселона" мюнхендік "Баварияның" шабуылшысы Харри Кейнді өз қатарына қосуды көздеп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Daily Mail журналисі Крейг Хоуптың мәліметінше, каталондық клуб ағылшын шабуылшысының өкілдерімен алғашқы байланыс орнатып, трансфердің жүзеге асу мүмкіндігін бағалаған.
Алайда Харри Кейннің өзі әзірге команда ауыстыруды жоспарлап отырған жоқ. Ол мюнхендік клубпен келісімшартын ұзарту мәселесіне басымдық беріп отыр.
Соған қарамастан, "Барселона" жағдайдың дамуын әрі қарай бақылай бермек. Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін трансфер шарттары тиімді болса, каталондықтар келіссөздерді қайта бастауы мүмкін.
Қазір бұл "Барселонаның" қызығушылығы ғана. Тараптар арасында толық келіссөздер әлі жүргізілген жоқ.
Айта кетейік, өткен маусымда ағылшын шабуылшысы барлық турнирде 51 матч өткізіп, 61 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді. Оның "Бавариямен" келісімшарты 2027 жылғы жазға дейін жарамды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова