Біріккен күрес әлемі (UWW) Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінде қолданылатын рейтингтік ұпайларды бөлудің жаңа тәртібін ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Massaget.kz.
Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Басты өзгеріс – рейтингтік ұпайлар енді спортшының жарыста иеленген орны үшін ғана емес, кілемдегі әрбір жеңісі үшін де беріледі. Жаңартылған жүйеде Ranking Series турнирлерінің мәртебесі жоғарылайды.
Қатысушылар саны сегізден аз салмақ дәрежелерінде иеленген орындарға берілетін тұрақты ұпайлар автоматты түрде екі есе қысқарады. Жарыстан шеттетілген немесе жарыстан мерзімінен бұрын бас тартқан балуандарға рейтингтік ұпай берілмейді.
Бекітілген жүйеге сәйкес, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпазы 40 мың ұпай алады. Оған қоса әрбір жеңісті белдесу үшін тағы 2 мың ұпай есептеледі.
Ranking Series турнирлерінің жеңімпазына 20 мың ұпай және әр жеңісі үшін қосымша мың ұпай беріледі. Ал құрлықтық чемпионаттарда бірінші орын алған спортшы 10 мың ұпай иеленіп, әрбір жеңісті белдесуі үшін тағы 500 ұпай алады.
Олимпиадалық іріктеудің қорытынды рейтингі 2027–2028 жылдар аралығындағы жеті жарыстың ішінен спортшы көрсеткен бес үздік нәтижені қосу арқылы есептеледі.
Еске салайық, 2027 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Олимпиадаға жолдама ала алмаған спортшылар арасынан әр олимпиадалық салмақ дәрежесіндегі UWW әлемдік рейтингінің үздік үш балуаны 2028 жылғы Олимпиада ойындарына тікелей лицензия иеленеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!