Қазақстанның бұрынғы бірінші ракеткасы Зарина Дияс легионерлерге қатысты өз көзқарасын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
31 жастағы теннисші ұлттық құрама үшін легионерлердің қажет екенін айтты. Оның айтуынша, олардың жетістіктері болашақ ұрпақ үшін ерекше маңызға ие.
"Менің ойымша, легионерлер керек. Олар Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытып, туымызды желбіретеді. Осы арқылы әлем Қазақстан туралы көбірек біле бастайды. Балаларымыз қарап, қолдап, оларды үлгі тұтады. Мысалы, Рыбакина Уимблдонды Қазақстан үшін жеңіп алды. Сонымен қатар жұлдыздар шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр, бұл балалар үшін керемет тәжірибе емес пе", – деді Зарина Zаmandas подкастына берген сұхбатында.
Заринаның пікірінше, Қазақстанда легионерлерге жұмсалатын қаражат жас спортшыларға бөлінетін қаржымен сәйкес келеді.
"Қаржыландыру жүріп жатыр, қаншама бала, жасөспірімдер халықаралық аренада өнер көрсетіп жүр. Теннис корттары салынды. Бапкерлерді оқыту жолға қойылған, шетелден мамандар келіп, біздің жаттықтырушыларды үйретуде. Түркия мен Дубайда теннисшілерімізге жиындар ұйымдастырылып жатыр", – деп атап өтті спортшы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан ерлер және әйелдер құрамаларындағы бірінші нөмірлі теннисшілер – бұрын Ресей азаматтары болған. Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко соңғы 15 жылда азаматтық ауыстырған.
Қазақстанда өскен теннисшілер арасындағы ең үздігі – Жібек Құлымбаева қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 314-орында тұр. Ал Путинцева мен Рыбакина WTA рейтингісінде үздік 30 теннисшінің қатарында. Қазақстан теннис федерациясы Құлымбаеваға 12 жыл ішінде шамамен 400 миллион теңге жұмсалғанын мәлімдеді.
Зарина Дияс 2015 жылы әлемнің 31-ракеткасы болған. 2022 жылғы маусымда ауыр жарақат алып, кортқа тек өткен жылдың мамырында оралды. Қазір ол WTA рейтингінде біртіндеп жоғарылап келеді (326-орын).
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!