Жеңіл атлетикадан ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды Massaget.kz Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.
Федерация XX жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында жүлде алған спортшыларды және оларды дайындаған бапкерлерді марапаттады. Жиынға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бақытұлы мен федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы қатысты.
Рәсім барысында спортшылар мен жаттықтырушыларға ақшалай сертификаттар берілді. Ал Азия ойындарында ерекше өнер көрсеткен Ясмина Тоқсанбаева бір бөлмелі пәтерге ие болды. Федерация баспананың демеушілер көмегімен сатып алынғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Жапонияда ұйымдастырылған Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлет жарысты бірінші орынмен аяқтаған еді. Кейін оның сайыс кезінде киген аяқкиіміне байланысты мәселе туындап, көрсеткен нәтижесі ресми есептен алынып тасталды.
Осы шешімге қарамастан, федерация спортшының құрлықтық додадағы өнерін жоғары бағалап, оған пәтер кілтін табыстады.
Салтанатты іс-шарада ұлттық құраманың жетістігіне үлес қосқан өзге мамандар да арнайы сыйлықтармен марапатталды. Федерация отандық спортшылардың кәсіби дамуына қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!