15 шілдеде Будапештте (Венгрия) жылдың кезекті халықаралық турнирі басталады. Бұл дода грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы үшін айрықша маңызға ие. Өйткені осы жарыстың қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын балуандардың басым бөлігі айқындалады. Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында команданың қазіргі дайындығы, құрамдағы өзгерістер жөнінде айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, бұл - жыл басынан бергі төртінші рейтинг жарысы.
"Венгрияға негізінен Азия ойындарына қатысатын балуандарды апарып отырмыз. Бұл турнир олардың қазіргі дайындығын бағалап, қай тұстарын әлі де жетілдіру керек екенін айқындауға мүмкіндік береді. Кейбір жігіттер салмақ ауыстырып жатыр. Мысалы, Демеу Жадыраев осыған дейін 77 келіде күресіп келсе, бұл жолы 82 келіде күш сынасады. Тимур Оспанов жарақатына байланысты Будапешттегі жарысқа қатыса алмайды. Ол Германияға барып, ем қабылдайды. Кейін Дортмундтағы турнирде белдеседі", - деді бапкер.
Қонысбек Кәрімұлының айтуынша, Будапештке бармайтын балуандар Германиядағы гран-при турниріне қатысады.
Бапкерге "осы турнирден кейін Азия ойындарына баратын құрама анықтала ма? Құрамаға енген спортшыларды атай аласыз ба?" деген сауал қойылған.
"Алдын ала тізім жасалған. Қай спортшы қай салмақта өнер көрсететінін білеміз. Нақтырақ айтсақ, Демеу Жадыраев Азия ойындарында 77 келіде белдеседі. 97 келіде Ислам Евловқа сенім артып отырмыз. 130 келіде Олжас Сырлыбайды дайындап жатырмыз. Ал 67 келіде үш балуан Будапештте бақ сынайды. Қазір бұл салмақта Мейіржан Шермаханбет көшбасшы болып тұр. Сол жігітті бақылап көреміз. Сондай-ақ, 60 келіде де бәсеке жоғары. Бұл салмақта Ербол Камалиев пен Ернұр Фидахметовке мүмкіндік беріледі. Қайсы Будапештте өзін жақсы қырынан көрсетсе, сол Азия ойындарына барады. Ал осы салмақтағы негізгі көшбасшы Айдос Сұлтанғалиевті елімізде өтетін әлем чемпионатына арнайы дайындап жатырмыз", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова