Жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен 42,195 шақырымды бірінші (3:22:20) бағындырды. Нәтижесінде Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын жүлде әкелген болатын.
Алайда жарыстан кейін спортшының аяқ киіміне қатысты наразылық берілген.
"Федерация спортшының құқығы мен мүддесін қорғайды. Қазір қабылданған шешімге қатысты федерация наразылық білдіріп, тиісті шағым жіберді. World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста киген аяқ киімнің нақты моделі бұл тізімде болмаған. Сонымен қатар, жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген", - деп жазылған хабарламада.
Федерация мәліметінше, Ясмина Тоқсанбаева толық көлемде сыйақы алады.
"Біз үшін Ясмина - чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан чемпионға тиесілі барлық сыйақы федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан аяқ киімнің кесірінен Азия ойындарындағы алтыннан айырылғаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз