Азиада-2026: Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті

Қазақстан құрамасы Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алғашқы медалін иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы жексенбі, 20 қыркүйекте республикалық Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомсто мәліметінше, триатлоннан ерлер арасындағы жарыста қазақстандық спортшы Арлан Жаңабай қола жүлдегер атанды.

ҰОК

Ол жарыс жолын 53:11 уақытта бағындырды. Мәреге бірінші болып жапониялық Ходзё Такуми жетіп, ол 52:56 уақыт нәтижесін көрсетті. Екінші орынды қытайлық Чжан Сижуй иеленді - 53:05.

"Өте қуаныштымын. Жарыстың басында жоғары орын үшін таласуды жоспарлаған едім, бірақ сәл сәті түспеді. Сөйтіп, үшінші орын үшін көршілес Өзбекстаннан келген спортшымен таласуға тура келді. Бар күшімді салдым. Өте ауыр болды. Тіпті, мәре сызығында көзім қарауытып кетті. Соған қарамастан, жүлдеге қол жеткіздім", - деді спортшы.

Дирекция өкілдері бұл медаль қазақстандық триатлоншы үшін халықаралық аренадағы маңызды жетістік болғанын атап өтті. 2026 жылы ол Тайчжоудағы (Қытай) Азия кубогы кезеңінде қола, ал Түркістандағы Азия кубогы кезеңінде күміс жүлде иеленген болатын.

Қазақстанның тағы бір өкілі Аян Бейсенбаев жарысты тоғызыншы орынмен аяқтады.

Осылайша, бұл қола медаль Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы жүлдесі болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!