Әйелдер жүгіру спортын қалай бағындырды?

Бүгінде спортпен шұғылданатын әйелдер саны жыл санап артып келеді. Соның ішінде ең танымалы – жүгіру. Бүгінде әйелдер кез келген қашықтықты бағындырып жүр. Жүктілік кезінде де жаттығуды тоқтатпай, бала өмірге келгеннен кейін де жарыстарға қатысып, белестерді бағындырып жүргендер бар. Бірақ тарихқа көз жүгіртсек, өзге спорт түрлері секілді әйелдер үшін де бұл спорт түріне келу оңай болмады. 

Әйелдердің жүгіру спортындағы тарихы: 

Әйелдерге алғашқы уақытта марафонға қатысуға рұқсат етілмеді, Халықаралық Олимпиада комитеті 800 метрден кейін қатысушы есінен танып қалады деп есептеп, ойындарда әйелдерге 200 метрден астам қашықтыққа жүгіруге тыйым салды. Тарихи кезеңдерге сәйкес әйелдерге көптеген жүгіру дисциплиналары жақында ғана рұқсат етілді.

Негізгі кезеңдерге тоқталайық.

Біздің заманымызға дейінгі 776 жыл - әйелдер жүгіруден жарысқа қатысқан алғашқы жыл. Сол уақытта ежелгі Грецияда жас спортшылар Гера құдайының құрметіне арналған ойындарға қатысып, бақ сынайтын болған.

1896 - алғашқы әйелдер марафоны ретінде мұрағатқа енген, бірақ бұл ресми емес және оны төрешілер алқасы мойындамаған. Грекиялық Стамата Ревити Олимпиада ойындарындағы ерлер марафонынан кейін, марафон қашықтығын жүгіріп шыққан. Ол кезде марафон қашықтығы 40 километр еді. Бойжеткен толық марафонды 5:30 сағатта жүгірген.

1926 жылы Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы мойындаған алғашқы әйелдер марафоны өтті. Лондондық Виолет Пирси 3:40:22-де мәреге жетті.

1928 жылы әйелдерге Олимпиадада жеңіл атлетиканың бес түрінен қатысу құқығын берді. Соған қарамастан әйелдерге 200 метрден артық жүгіруге әлі де рұқсат берілмеген еді.

1954 жыл Роджер Баннистер төрт минуттан аз уақыт ішінде (3:58,8) мильді жүгіріп өтуімен танымал болды. Дәл осы тарихи оқиғадан 23 күннен кейін Стаффордширден келген Дайан Лазер бес минуттық мильді (4:59,23) жүгірген алғашқы әйел атанды.

1960 жылы Рим Олимпиадасында 1928 жылдан бері алғаш рет әйелдерге 800 метрге жүгіруге рұқсат берілді. Жарыста кеңестік жеңіл атлет Людмила Лысенко 2:04,50 нәтижемен жеңіске жетті.

Джок Сэмплэ спортшы Катрин Швитцердің арнайы нөмірін жұлып алмақ болған сәт. Бостон марафоны, 1967 жыл Фото: Sports Illustrated/Getty Images/File 1967 Дереккөз: bostonglobe.com

Әйелдер марафоны 1926 жылы мойындалғанына қарамастан, әйелдерге ресми жарыстарда бұл қашықтыққа жүгіру құқығы берілмеді, сондықтан Катрин Швитцер 1967 жылы ғана Бостон марафонында ресми түрде жүгірген алғашқы әйел болды.

Жарыстың төрешісі спортшыны тоқтатпақ болып жатқан әйгілі кадр тарихи суретке айналды. Швитцер бұл марафонды 4:20-да жүгіріп өтті. Бостоннан кейін оның еншісінде тағы 39 марафон болса, 1974 жылы Нью-Йоркте дәл сол қашықтықта жеңіске жетті.

Алғашқы болып марафонды Грета Вайц 2:27:33 сағатта 1979 жылы жүгіріп өтті. Дегенмен Олимпиаданың ресми өкілдері әлі де ойындардар тізіміне әйелдер марафонын қоспады.

Алғаш рет әйелдер арасындағы ресми марафон 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олимпиадада болды. Америкалық Джоан Бенуа 2:24:52 уақытпен жеңіске жетті.

16 жыл бойына сақталған Рэдклифф рекорды.Дереккөз: athleticsweekly.com

Паула Рэдклифф есімін алыс қашықтыққа жүгіретінд спортшылардың бәрі дерлік біледі. 2003 жылы Паула Лондон марафонында 2:15:25 уақытпен келіп, рекорд орнатқан болатын. Бұл рекорд тек 2019 жылы ғана жаңарды: Кениядан келген Бриджит Косгей Чикаго марафонында 2:14:04-те мәреге жетті.

Жүгірудің әйелдерге қандай пайдасы бар?

Жүгіру адамның жынысына қарамастан бірдей әсер етеді:
— Иммунитетті көтереді;
— Миға оттегі толыққанды жететіндіктен, ми жұмысы жақсарады;
— Қатерлі ісік туындау мүмкіндігін азайтады;
— Жүрек, қанайналым жұмыстарын жақсартады.

Сонымен қатар, жүгіру кезінде басқа спорт түрлеріне қарағанда калория көп жұмсалатындықтан, арықтау процесі де жылдам жүреді.

Жүктілік кезінде жүгіру әйел адамдағы токсикоз, асқазандағы ауырлық, қыжыл секілді белгілермен күресуге септігін тигізеді. Ұйқысыздық және варикоз, сіңірлердің тартылуы белсенді қозғалатын әйел адамдарда әлдеқайда сирек кездеседі.

Қандай жағдайда жүгіру зиян?
Жүгіру адам үшін табиғи қозғалыс түрі болса да, бұрыс қозғалыс, аз жаттығу, бұлшық етті қыздырмастан қозғалу көптеген жарақаттардың себебі болуы мүмкін. Соның ішінде бұлшық еттің қалпына келуіне мүмкіндік бермей, оған күш сала берудің салдары ауыр болуы мүмкін.

Сонымен қатар, әйел адам етеккір уақыты мен оның түрлі белгілеріне назар аудару қажет. Спортпен шұғылданатын әйел адамдардың басым бөлігі, етеккір цикілінің бұзылуына шағымданады. Бұндай жағдайда, әйел ағзасындағы эстроген азаяды. Ал эстроген әйел ағзасындағы көп қызметке әсер етеді: метаболизмнен бастап өкпе мен сүйектердің саулығына ықпалын тигізеді. Бұндай жағдайда D дәрумені мен кальций тұтынуға кеңес береміз.

Бірнеше ғасыр бұрын әйел адамның физикалық жаттығу жасауына тыйым салынған болса, бүгінде әйел адамдар өздерінің физиологиялық қабілеті ер адамнан кем емес екенін дәлелдей білді.