Мектеп оқушысы Маргарита Ермакова ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды Massaget.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
14 жастағы жас спортшы 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионы атанды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келі (94+118) нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан айқын басым түсті.
Ауыр атлетикадан ҚР чемпионатының 69 келіге дейінгі салмақтағы нәтижелері:
- Маргарита Ермакова (Астана) - 212 келі (94+118);
- Алтынай Тәңірбергенова (Қызылорда облысы) - 198 келі (86+112);
- Дарья Балабаюк (Қарағанды облысы) - 197 келі (88+109).
"Мен осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым, сондықтан алға қойған міндеттерді толық орындай алдым. Енді мұнымен тоқтап қалмай, бұдан да жоғары мақсаттар қоямын", - деп келтіреді спортшының сөзін ҰОК.
Маргарита Ермакова деген кім?
Айта кетейік, қазіргі уақытта Астана қаласының атынан шыққанымен, ол өзінің алғашқы нәтижелерін Жетісу облысы Текелі қаласындағы БЖСМ тәрбиеленушісі ретінде көрсеткен.
2019 жылы, бар болғаны 7 жасында ол 24 келіге дейінгі салмақта жастар арасында ауыр атлетикадан Алматы облысының чемпионы атанған болатын.
Өткен жылдан бастап Ермакова халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғай бастады. 2025 жылы ол жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтыншы орын алса, кейін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 7-ші орынға ие болды.
Биыл Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қоссайыс қорытындысы бойынша қола жүлде иеленді. Бұл оның алғашқы ірі марапаты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстандық ауыр атлетикада жас қыздардың ересектер деңгейінде феноменальды нәтиже көрсетуі бірінші рет емес екенін атап өткен жөн. 2024 жылы Ксения Прозорова (55 келіге дейінгі салмақта) 13 жасында ересектер арасындағы ел чемпионатын жеңіп алды. Ал 2025 жылы ол жастар арасында әлем чемпионы атанды.
О. Сансызбай