- Негізгі бет
- Спорт
- Ауыр атлетика федерациясы...
Ауыр атлетика федерациясы допинг дауына ілінген зілтеміршіге көмектеседі
Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық зілтемірші Нижат Рахимов допинг қолданды деп күдіктеніп, уақытша жарыстардан шеттетті. Осыған байланысты, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы ресми мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде федерация қазақстандық спортшыға қолдау көрсететінін және оны ақтап алуға бар көмегін беретіні айтылған.
"Халықаралық тестинг агенттігі (ITA) ұлттық құрама мүшесі Нижат Рахимовтың атына тағылған айыптарға байланысты, спортшы федерацияға өзінің кінәсіздігін қорғауға ниет білдіріп, құқықтық қолдау көрсету туралы өтініш берді.
ITA хабарламасына сәйкес атлет өзінің жазбаша түсініктемесін 1 ақпанға дейінгі мерзімде ұсынуы қажет, бұл ретте қосымша тәртіптік тыңдау сұралуы мүмкін, оның барысында спортшы дәлелдерін өзі айтуға мүмкіндігі болады.
Қазіргі уақытта Федерация Лозанна қаласының Халықаралық спорт төрелігін қоса алғанда, барлық инстанцияларда өз құқықтары мен мүдделерін қорғауда атлетке қолдау көрсетуге дайын халықаралық тәжірибесі бар жоғары білікті заңгерді тарту мәселесін пысықтады.
Допингке нөлдік төзімділік қағидатын ұстана отырып, Федерация бұл істі объективті тергеуге мүдделі және істі қарау барысы туралы ақпарат береді.
Естеріңізге сала кетейік, аталған хабарлама ҚР ААФ-на ағымдағы жылдың 18 қаңтарында келіп түсті. Оқыс оқиғаны тергеу кезеңінде спортшы барлық спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарынан уақытша шеттетілді", - делінген мәлімдемеде.
Нижат Рахимовтың 2016 жылы тапсырған зәр сараптамасы антидопинг ережесіне сай келмеген. Дәл осы жылы ол Олимпиада чемпионы атанған болатын.
Қазақстандық зілтеміршінің допинг қолданғаны дәлелденетін болса, өмір бойына спорттан шеттетілуі мүмкін. Себебі Нижат осыған дейін де бір рет допингпен ұсталған. 2013 жылы Әзербайжан елінің атынан шығып жүргенде 2 жыл жарыстарға қатыспаған еді.
Нижат Рахимов 2014 жылы Қазақстан құрамасына ауысып, еліміздің азаматтығын алды. 2015 жылы әлем чемпионы атанды. Араға 1 жыл сала төртжылдықтың басты додасында топ жарған-ды.