Атырауда футбол матчы алдында жаппай төбелеске қатысқандарға айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 20 маусымда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 28 адамға қатысты 28 іс қаралды (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі).
Сотта анықталғандай, құқық бұзушылар қоғамдық орында, Атырау қаласы Әуезов көшесінде орналасқан "Мұнайшы" спорт кешенінде "Атырау" - "Ақтөбе" футбол командалары арасындағы матч басталар алдында төбелесіп, айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.
"Сот әкімшілік жаза қолдану барысында олардың жауаптылығын ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді, ал кінәларын мойындауын, отбасылық жағдайын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын олардың жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды", - делінген хабарламада.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 тұлғаға қатысты әрқайсына 15 315 теңге, ал қалған 26 тұлғаға қатысты әрқайсына 10 721 теңге айыппұл салынды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.