Атырауда 7-сынып оқушысы баскетбол залында көз жұмды

Атырауда 7-сынып оқушысы баскетбол залында көз жұмды
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Атырауда 7-сынып оқушысы баскетбол залында ойнап жүріп, көз жұмды. Жасөспірім ойын кезінде есінен танып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, 13 жастағы Абдулазиз Тасболат 2024 жылдан бері қаладағы баскетбол академиясында тұрақты түрде спортпен шұғылданып жүрген. Әдеттегідей жаттығу залында ойнап жүрген ол кезекті матч кезінде кенет құлап, жедел жәрдем келгенше көз жұмған. 

"Оның барлық анықтама қағазы болды. Академияға келген бойда ата-аналар арнайы медициналық карта тапсырады. Барлық жаттығу залында қызметкерлер бар, қарап отырады. Бала ауырып тұрса, жаттыға алмайды. Бұл жағдайдың барлығы бейнебақылау камерасында көрсетілген. Жаттығу алдында еш шағымы болмаған. Ойнап жатқан кезде допты қағып аламын деген тұста құлап қалды", - деді баскетбол академиясының директоры Ольга Пастух.

Марқұм болашақта атақты спортшы болуды армандаған. Мұғалімдері оның бұған дейін денсаулығына шағымы болмағанын айтты.

Телеарна дерегіне сүйенсек, 13 жастағы жеткіншек бірнеше жылдан бері тіркеуде тұрған. Оған бұған дейін екі рет ота жасалған.

"Қайтыс болған бала диспансерлік есепте тіркелген. 2016 жылы жүрек ақауына байланысты ота жасалған, 2021 жылы екінші ота жасалды. 2022 жылы Астана қаласы балалар кардиохирургия орталығында консультациядан өткен. Үнемі бақылауда болды. Жүректің туа біткен ақауы диагнозы қойылған", - деді №1 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы.

Оқыс оқиға қатысты полиция тергеуді бастады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget