Атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтайтынын айтты

Атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтайтынын айтты
Фото: ҰОК

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының белді спортшыларының бірі Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды. Осы жылдар ішінде барлық қашықта Қазақстан чемпионы атандым. Еліміздің тарихында алғашқы әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт рет Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен - үшін бұл ең үлкен мәртебе", - деді спортшы.

Ол алдағы уақытта жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстан спортын дамытуға жұмсап, жас спортшыларға қолдау көрсетіп, шорт-тректің өркендеуіне үлес қосатынын жеткізді.

"Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәт келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Алдағы мақсатым - жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. ...Спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек ол жаңа деңгейде жалғасады", - деп жазды Абзал Әжіғалиев.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Олимпиададағы жолын 2014 жылы Сочиде бастады. Сол додада бесінші орын алды. 2018 жылы алтыншы орынға ие болды. Ал 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада 500 метр қашықта төртінші болып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Абзал Әжіғалиев - Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. Ол 2025 жылғы Азия ойындарында ерлер эстафетасында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2016 жылы өткен әлем кубогы аясында 500 метр қашықта топ жарды.

Ол - шорт-тректен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2018 және 2022 жылдары Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының Туын алып шықты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget