27 маусым мен 2 шілде аралығында Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ Халықаралық "Елорда кубогы" турнирі өтеді.
Дүбірлі додада 12 елден 200-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа елдердің өкілдері бар.
Ерлер 13 салмақ дәрежесінде (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг), ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде (45-48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг) жеңімпаздарды анықтайтын болады.
Жарыс жеңімпазы 700 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Күміс жүлдегер 400, қола медаль иесі 200 доллар иеленеді. Сондай-ақ тиісті дәрежедегі медальдармен және дипломдармен марапатталады.
Халықаралық турнир IBA жарыстарының техникалық ережелеріне сәйкес өтеді. Жекпе-жек 3 минутқа созылатын үш раундтан тұрады, раундтар арасында бір минуттық үзіліс болады. 10 ұпайлық IBA ұпай жүйесі қолданылады.
Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады.
Жалпы, турнир алты күнге созылады. Жекпе-жекті Qazsport телеарнасы мен "QAZAQ RING" YouTube платформасы тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін халықаралық турнирге қатысатын қазақстандық боксшылардың тізімі жарияланған болатын.