Астанада полиция қызметкерлері екі жол апатына себепкер болған Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісін ұстады. Полиция көлікті бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов басқарғанын растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, қалада бірнеше көлік зақымданған екі жол апаты болған.
Алдын ала мәлімет бойынша Toyota Land Cruiser жүргізушісі басқа көліктермен соқтығысып, кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
"Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көлік анықталып, Достық көшесінде тоқтатылды. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болды", - деді полиция.
Ведомство мәліметінше, екі жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Қазір бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.
Данияр Елеусінов - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, сондай-ақ, 2013 және 2015 жылдардағы Азияның екі дүркін чемпионы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз