Әсем Орынбай Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Стенд атудан Қазақстан құрамасының өкілі Әсем Орынбай Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Скиттен әйелдер арасында өткен жеке сында қазақстандық спортшы финалда 28 нысананы дәл көздеп, үшінші орынға ие болды.

Алтын медальді 35 нысананы дәл көздеген Қытай өкілі Цзян Итин жеңіп алды. Таиланд спортшысы Исарапа Импрасертсук 31 нысананы атып, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстанның тағы бір өкілі Зоя Пискун 18 нысананы дәл көздеп, алтыншы орынға жайғасты.

Бұл - Әсем Орынбайдың осы Азия ойындарындағы екінші медалі. Бұған дейін ол Зоя Пискун және Адель Садақбаевамен бірге командалық есепте күміс жүлде иеленген еді.

Айта кетейік, Әсем Орынбай Азия ойындарында скиттен жеке сында қатарынан екінші рет қола медаль жеңіп алып отыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!