Армрестлингтен әлемнің 26 дүркін чемпионын жеңген шардаралыққа пәтер сыйға тартылды

Шардаралық (Түркістан облысы) армрестлингші Қыдырғали Оңғарбаевқа әлемнің 26 дүркін чемпионы Джон Брзенкті жеңгеннен кейін екі бөлмелі пәтер сыйға тартылды, - деп хабарлайды OTYRAR телеарнасы.

"Пәтерді ұстазым әрі бапкерім - Түркістан облысы армрестлинг федерациясының президенті Арман Қарсыбаев Shardara Armsport командасымен бірге сыйға тартты", - деді спортшы.

Мен үйдің кенжесімін. Сондықтан ата-анаммен бірге тұрамын. Сыйлыққа пәтер  алғанда таңғалдым", - деп қосты Оңғарбаев.

Телеарна мәліметінше, Қыдырғали бақытты әке, сүйікті жар. Шардарада жеткіншектерді жаттықтырады. Енді Қыдырғали армрестлингтен әлем чемпионатына дайындалып, өз елінің намысын әлемдік деңгейде қорғағысы келеді.

Еске салайық, 6 тамызда Ыстамбұлда өткен Шығыс пен Батыс халықаралық турнирінде 27 жастағы Қыдырғали Оңғарбаев армрестлингтің аты аңызға айналған америкалық 58 жастағы Джон Брзенкті 3:1 есебімен жеңген болатын.