Бүгін Катардағы әлем чемпионатының плэй-офф кезеңі басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1/8 финалды Нидерланд - АҚШ кездесуі ашады. Бұл ойын елорда уақытымен 21:00-де басталады. Нидерланд А тобында оңай бірінші орын алды. Сенегал мен Катарды жеңіп, Эквадормен тең түсті.
Нидерландтықтар әлем чемпионатында тәжірибелі - 2014 жылғы мундиальде команда жартылай финалға жеткен болатын. Катарда нидерландтық жас футболшы Коди Гакпо жақсы өнер көрсетіп жатыр - ол топтық кезеңнің үш матчінде де бір голдан соғып шықты. Қазір турнирдегі үздік сұрмергендердің бірі. Одан бөлек, Нидерландтың бас бапкері Луи ван Гал әлем чемпионатының негізгі уақытында жеңіліп көрмеген. Бүгін де сол сериясын жалғастыруға тырысады.
Фото: Reuters
Ал оның қарсыласы - АҚШ құрамасы. Америкалықтар В тобынан үлкен қиындықпен шықты. Уэльс және Англиямен тең түсті, ал кейін шешуші ойында Иран құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Америкалықтар 2006 жылдан бері турнирдің ширек финалына шығып көрмеген.
Фото: Reuters
Командалар тарихта 6 рет кездесіп, бесеуінде еуропалық ұжым жеңіске жеткен. Бір матч АҚШ құрамасының жеңісімен аяқталыпты. Қазір ФИФА рейтингінде Нидерланд 8, АҚШ 16-орында тұр.
Ал түнгі 1:00-де Аргентина мен Аустралия арасындағы ойын басталады. Аргентина Катардағы доданы сенсациялық жеңіліспен бастағанымен, кейін екі ойында жеңіске жетті. Топтан бірінші орынмен шықты. Аргентина турнир фавориттерінің бірі екенін дәлелдеді, ал Лионель Месси Катарда екі гол соғып үлгерді.
Фото: Reuters
Аустралия құрамасына - 1/8 финалға шығудың өзі ерлік. Бұл команда тарихында бір мәрте ғана, 2006 жылы 1/8 финалда ойнап көрген. Ал қалған төрт рет қатысқанында топтан шықпапты. Катардағы жарыстың бірінші матчінде Аустралия қазіргі әлем чемпионы Франциядан 1:4 есебімен жеңіліп қалған. Бірақ кейін Тунис пен Данияны 1:0 есебімен жеңген еді. Осылайша, аутсайдер саналған жасыл құрлық құрамасы сенсация жасап, плэй-офф кезеңіне өткен болатын.
Фото: Reuters
Бұл құрамалар өз тарихында 7 рет кездесті. Бесеуінде Аргентина жеңген, бір ойында Аустралия басым болған, бір матч тең аяқталыпты. ФИФА рейтингінде де құрамалар бір-бірінен алшақ тұр - Аргентина 3, Аустралия 38-орында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!