Анна Данилина Париж кортында сенімді жеңіске жетті

Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина "Ролан Гаррос" турниріндегі жеңісті жолын жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Екінші айналымда қазақстандық спортшы сербиялық Александра Круничпен бірге Аустралия өкілі Майя Джойнт пен бельгиялық Хенне Вандевинкель жұбын 6:2, 6:3 есебімен жеңді.

Кездесу 1 сағат 10 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде қазақстандық-сербиялық жұп үш эйс жасап, бір рет қос қателікке жол берді. Ал қарсыластары эйс орындай алмады және алты рет қос қателік жіберді.

31 мамыр күні өтетін 1/8 финалда Данилина мен Крунич украиналық Даяна Ястремская және Ангелина Калинина жұбымен кездеседі.

Айта кетейік, Данилина әйелдер жұбынан бөлек, аралас жұп сынында да жарысты жалғастырып жатыр. Сенбі күні ол америкалық Джей-Джей Трэйсимен бірге үшінші айналым жолдамасы үшін кортқа шығады.

Анна Данилина – Парижде 24 мамыр мен 7 маусым аралығында өтіп жатқан биылғы "Ролан Гаррос" турнирінде Қазақстан атынан жарыс жолында қалған соңғы спортшы.

Бұған дейін ол Париждегі "Үлкен дулыға" турнирінің жұптық сынындағы алғашқы кездесуінде чехиялық Малечкова/Скоч жұбын сенімді түрде жеңген еді.

Еске салайық, Данилина дәл осы Александра Круничпен бірге Australian Open – 2026 турнирінің финалына дейін жеткен. Аустралиядағы сәтті өнерінен кейін бұл жұп Дохадағы турнирде топ жарып, Дубайда жартылай финалға шықты және Индиан-Уэллс финалына дейін жетті. Алайда Майамидегі жарыстың алғашқы айналымынан кейін Данилина мен Крунич біраз уақыт бөлек серіктестермен өнер көрсеткен болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!