18-нен 19 шілдеге қараған түні Англия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының үшінші орны үшін өткен кездесуде Францияны 6:4 есебімен жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін плей-офф кезеңінде ағылшындар Конго ДР құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалда Мексикадан 3:2 есебімен басым түсті. Жартылай финалға жолдама үшін Норвегияны овертаймда 2:1 есебімен ұтқанымен, финалға шығар жолда Аргентинаға 1:2 есебімен есе жіберді.
Франция құрамасы плей-оффта алдымен Швецияны 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, кейін Парагвайды 1:0 есебімен ұтты. Ширек финалда Мароккодан 2:0 есебімен басым түссе, жартылай финалда Испанияға 0:2 есебімен жол берді.
Англия есепті 3-минутта ашты. Деклан Райс айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасап, допты торға тоғытты.
18-минутта Райстың бұрыштамадан асырған добын Эзри Конса қақпаға дәл бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.
38-минутта Маркус Рэшфорд пен Букайо Сака ұйымдастырған қарсы шабуыл сәтті аяқталды. Рэшфордтың пасынан кейін Сака есепті 3:0-ге жеткізді.
Бірінші таймға қосылған уақытта Эберечи Эзенің пасын Букайо Сака голға айналдырып, дубль авторы атанды.
Екінші таймның басында, 48-минутта, Майкл Олисенің пасынан кейін Килиан Мбаппе Францияның алғашқы голын соқты.
54-минутта Мбаппе Брэдли Барколяға нәтижелі пас беріп, есеп 4:2 болды.
66-минутта Мбаппе Майкл Олисемен пас алмасқан соң өзі шабуылды сәтті аяқтап, есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартты.
Осы голдан кейін Килиан Мбаппе әлем чемпионатындағы 10-добын соғып, осы көрсеткіш бойынша Лионель Мессиден озды. Сондай-ақ ол әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдеріндегі үздік сұрмергендер тізімінде де аргентиналықтан асып түсті. Қазір Мбаппенің еншісінде 22 гол болса, Мессиде – 21.
85-минутта Мало Гюсто Джед Спенске қарсы ереже бұзып, Англия пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды.
87-минутта 11 метрлік айып добын Букайо Сака мүлт жібермей орындап, хет-трик авторы атанды.
Қосымша уақыттың алтыншы минутында Усман Дембеле Францияның төртінші голын соқты.
Алайда араға екі минут салып Джуд Беллингем қарсы шабуылды нәтижелі аяқтап, Англияның алтыншы голын соқты.
Осылайша матч 6:4 есебімен Англияның пайдасына аяқталды.
Нәтижесінде Англия әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ал Франция турнирді төртінші орынмен аяқтады.
Енді әлем чемпионы атағы үшін Испания мен Аргентина кездеседі. Финал 19-нан 20 шілдеге қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін ФИФА әлем чемпионатының жеңімпаздары бұрын-соңды болмаған ерекше сыйлық алатынын хабарлаған еді. Сондай-ақ Лионель Месси Испанияға қарсы өтетін финал туралы пікір білдіріп, осыдан 18 жыл бұрын бір жасар Ламин Ямальды қалай шомылдырғанын еске алған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!