Мюнхендік "Баварияның" жартылай қорғаушысы Серж Гнабри 2026 жылы "Алтын доп" жүлдесіне кім лайық екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі vesti.kz-ке сілтеме жасап.
31 жастағы германиялық футболшы бұл марапат өз командасындағы әріптесі Харри Кейнге бұйырғанын қалайтынын мойындады.
Гнабридің пікірінше, Кейн "Алтын допқа" әбден лайық.
"Бұл жүлдені Харри Кейн алады деп үміттенемін. Ол жеңіске жетсе, керемет болар еді. Командадағы әріптесіңе әрдайым осындай жақсылық тілейсің. Ол биыл керемет маусым өткізді. Менің ойымша, "Алтын допты" алуға еңбегі сіңді", - деді Гнабри TNT Sports басылымына берген сұхбатында.
2025/26 жылғы маусымда Харри Кейн "Бавария" сапында 61 гол соғып, клубтың Германия чемпионатында, ел кубогы мен суперкубогында жеңіске жетуіне көмектесті. Англия құрамасымен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетті.
"Алтын допты" табыстау рәсімі 26 қазанда Лондонда өтеді. Кейн жүлдеге үміткер 30 футболшының қатарына енді.
Қазір "Алтын доптың" иегері - ПСЖ мен Франция құрамасының вингері Усман Дембеле.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова