“Алтын доп - 2026“: Харри Кейн Мбаппені небәрі 28 ұпаймен басып озды

“Алтын доп - 2026“: Харри Кейн Мбаппені небәрі 28 ұпаймен басып озды
Фото: ferdel99/depositphotos.com

2026 жылғы "Алтын доптың" толық нәтижесі жарияланды. Мюнхендік "Баварияның" шабуылшысы Харри Кейн мадридтік "Реалдың" форварды Килиан Мбаппеден небәрі 28 ұпайға озып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі France Football журналына сілтеме жасап.

33 жастағы шабуылшы Лондонда өткен салтанатты рәсімде мансабында алғаш рет әлемнің үздік ойыншысы марапатын иеленді. "Алтын доп" үшін таласта ол "Реалдың" спортшысы Килиан Мбаппе мен "Барселона" ойыншысы Ламин Ямальды артта қалдырды.

Харри Кейн 2001 жылдан бері "Алтын допты" иеленген алғашқы ағылшын ойыншысы атанды - ол кезде бұл сыйлық Майкл Оуэнге берілген болатын.

"Алтын доп" ондығына енген ойыншылардың қорытынды ұпайлары:

  1. Харри Кейн ("Бавария"/Англия) - 1055.
  2. Килиан Мбаппе ("Реал Мадрид"/Франция) - 1027.
  3. Ламин Ямаль ("Барселона"/Испания) - 881.
  4. Родри ("Барселона"/Испания) - 726.
  5. Лионель Месси ("Интер Майами"/Аргентина) - 612.
  6. Хвича Кварацхелия (ПСЖ/Грузия) - 541.
  7. Усман Дембеле (ПСЖ/Франция) - 418.
  8. Эрлинг Холанд ("Манчестер Сити"/Норвегия) - 378.
  9. Майкл Олисе ("Бавария"/Франция) - 296.
  10. Фабиан Руис (ПСЖ/Испания) - 201.

Айта кетейік, бұған дейін де жеңімпаздар жақын қарсыластарынан аз ғана басымдықпен озып шыққан жағдайлар болған.

1996 жылы неміс Маттиас Заммер бразилиялық Роналдодан небәрі бір ұпайға озып кетті (144-ке қарсы 143). Осыған ұқсас жағдай 1966 жылы да қайталанды, ол кезде Бобби Чарльтон Эйсебионы 81-ге қарсы 80 нәтижесімен артта қалдырған еді.

1972 жылы Франц Беккенбауэр Герд Мюллер мен Гюнтер Нетцерді небәрі екі ұпай басымдықпен (81-ге қарсы 79) жеңіп шықты.

Жаңа тарихқа келетін болсақ, 2019 жылы Лионель Месси Вирджил ван Дейктен небәрі жеті ұпайға озды.

"Алтын доп" дегеніміз не?

"Алтын доп" - қазіргі футболдағы басты жеке марапат. Оны 70 жылдан бері футболшылар, жаттықтырушылар мен журналистердің дауыс беру нәтижесі бойынша France Football журналы табыстап келеді.

Бастапқыда ол тек еуропалық үздік футболшыға берілетін, бірақ 1995 жылдан бастап барлық елдің ойыншылары үміткер бола бастады.

2022 жылға дейін ФИФА құрамына кіретін әрбір федерацияның дауыс беру құқығы болса, 2022 жылдан бастап тек әлемдік рейтингтегі үздік 100 елдің өкілдері дауыс бере алады. Осылайша, Қазақстан жеңімпазды таңдау құқығынан айырылды, өйткені біздің құрама 117-орында тұр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget