Жақында Индонезияның Джакарта қаласында U23 жас санатында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Отандық боксшылар табысты өнер көрсетіп, алты алтын, жеті күміс, үш қола медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Қазақстан ерлер құрамасының жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров құрлық біріншілігінің нәтижесіне баға беріп, кейбір боксшылардың өнеріне арнайы тоқталды.
"Жалпы нәтиже жаман емес, қанағаттырарлықтай деуге болады. Әрине, алтын медаль саны бұдан да көп болады деген үміт болды. Соған қарамастан жігіттер барын салды. Әсіресе, Нұрасыл Төлебек пен Асылхан Көшербай жақсы өнер көрсетті. Екеуі де халықаралық жарыстарда тәжірибе жинап жүрген спортшылар. Нұрасыл - жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, ал Асылхан - жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері",- деді бапкер.
Маманның айтуынша, Азия құрлығында бәсекелестік жылдан-жылға күшейіп келеді.
"Азия құрлығында мықты құрамалардың саны көп. Мысалы, Өзбекстан, Үндістан, Қырғызстан, кіші салмақ дәрежелерінде Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд бар. Жалпы Азияда бокс қарқынды дамып келе жатыр", - деді маман.
Одан бөлек, Мақсат Бақтыбазаров құраманың алдағы жоспарын бөлісті.
"Алда ересектер арасындағы Азия ойындары өтеді. Соған байланысты 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Алматы облысында ересектер құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысамыз. Сонымен қатар, қыркүйекте Қырғызстанда жалпы дене дайындығына арналған жиын өткізу жоспарланған. Одан кейін боксшылар Қазақстан чемпионатына дайындалады", - деп түйіндеді жаттықтырушы.
U23 Азия чемпионатында әйелдер құрамасы да табысты өнер көрсетіп, бірнеше спортшы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осы орайда әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Марат Қырыбаев шәкірттерінің нәтижесіне оң баға берді.
"Боксшыларымыздың нәтижесі өте жақсы. Барлығы өздерін жақсы жағынан көрсетіп, жеңіске жету үшін бар күшін салды. Құрамдағы қыздардың бәрі - бұған дейін халықаралық турнирлерде өнер көрсетіп жүрген боксшылар. Дегенмен 70 келіде сынға түскен Азиза Исинаны ерекше атап өтуге болады. Ол Азия чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден чемпион атанды", - деді маман.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!