Әлімханұлы үш белбеу үшін жекпе-жекке келісім берді

Әлімханұлы үш белбеу үшін жекпе-жекке келісім берді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Орта салмақта әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамеспен жұдырықтасуға келісім берді. Жекпе-жек Сауль Канело Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы мегафайттың андеркардында өтуі мүмкін , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық боксшы жанкүйерлердің бұл жекпе-жекке деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырғанын айтып, рингке қыркүйек айында шығуға дайын екенін жеткізді.

"Әлеуметтік желілерді қарап отырып, жанкүйерлердің барлығы дерлік Туркиден (бокстағы әлемдік деңгейдегі ірі промоутерлердің бірі саналатын Сауд Арабиясынан шыққан шейх – ред.) менің Адамеспен болатын жекпе-жегімді Канело мен Кроуфордтың андеркардында қоюды сұрап жатқанын көріп отырмын. Мен толық келісемін – ұсынысты қуана қабылдаймын! Мен дайынмын!" – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, күні кеше мексикалық Сауль Канело Альварес пен екінші орта салмақта бұрынғы абсолютті чемпион Теренс Кроуфорд 13 қыркүйекте жекпе-жек өткізетіні ресми түрде жарияланған болатын. Бұл бокс кеші Лас-Вегаста өтіп, 2025 жылдың ең ірі оқиғаларының біріне айналмақ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Saul Alvarez (@canelo)

Әлімханұлы үшін тарихи мүмкіндік – үш белбеу

БАҚ-тың бірнеше айдан бері хабарлауынша, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBC титулының иегері Карлос Адамес арасындағы жекпе-жек келіссөз сатысында.

Тілшілерге берген сұхбатында қазақстандық боксшының менеджері Берік Сұлтан Адаместің келесі қарсылас ретінде басымдық беріліп отырғанын айтқан болатын.

Егер жекпе-жек өтетін болса, онда орта салмақтағы үш бірдей әлем чемпионының белбеуі: WBO және IBF (Жәнібекке тиесілі), сондай-ақ WBC (Адамеске тиесілі) сарапқа салынады.

Айта кетейік, соңғы жекпе-жегінде Карлос Адамес британдық Хамза Ширазбен тең түсіп, өзінің белбеуін сақтап қалды. Ал Жәнібек Әлімханұлы Астанада өткен кеште франциялық Анауэль Нгамиссенгені ауыр нокаутпен жеңіп, чемпиондық атақтарын сәтті қорғаған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget