Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Алматыны әлемдегі ең сүйікті қалаларының бірі деп атады. Бұл туралы спортшы қытайлық жанкүйерлерге арналған арнайы жобада айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рыбакина өзі үшін ерекше орны бар төрт қаланы атап, олардың әрқайсын неліктен жақсы көретінін түсіндірді.
"Мен Мәскеуді атар едім, өйткені сол қалада дүниеге келдім. Алматыны да ерекше жақсы көремін. Сондай-ақ, Мельбурн мен Лондонды айтар едім. Ол жақтарда достарым көп. Оның үстіне Лондонда Уимблдон турнирінде жеңіске жеттім", – деді Рыбакина.
Еске салайық, Елена Рыбакина кәсіби теннистегі жолын 2016 жылы бастаған. Содан бергі он жыл ішінде ол WTA турнирлерінде 14 мәрте чемпион атанды. Оның ең ірі жетістіктерінің қатарында 2022 жылғы Уимблдон, 2025 жылғы WTA қорытынды турнирі, 2026 жылғы Australian Open және US Open жарыстарындағы жеңістері бар.
US Open турнирінде топ жарғаннан кейін Рыбакина мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің көш басына шықты. Қазір ол беларусьтік Арина Соболенкодан 2091 ұпай алда келеді. Дегенмен жыл аяғына дейін теннисшілерді әлі бірнеше турнир күтіп тұр. Сондықтан рейтингтегі жағдай өзгеруі мүмкін.
Алайда әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейінгі алғашқы кездесуінде Рыбакина тосын жеңіліске ұшырады. Ол әлемдік рейтингте 118-орында тұрған армениялық Алина Чараевадан ұтылып қалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!