4-6 қараша күндері Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 350-ге жуық спортшы қатысуда. Бұл – соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш. Үш күнге созылатын чемпионатта ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Чемпионатта әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, Олимпиада қатысушылары, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген жетекші спортшылар да бақ сынауда.
Ел біріншілігінде барлығы 28 рефери қызмет атқаруда. Оның 10-ы – шетелден арнайы шақырылған халықаралық дәрежедегі төрешілер. Атап айтқанда, Мысыр, Индонезия, Оңтүстік Корея, Польша, Панама, Иордания, Хорватия, Тунис, Сауд Арабиясы және Қытай елдерінің өкілдері чемпионатқа төрелік етуде. Шетелдік мамандарды тарту төрелік сапасын арттыруға және әділ әрі бейтарап төрелікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар ел біріншілігін Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы жіті бақылауда. Ирандық маман, жаттықтырушы-кеңесші Али Таджиктің жетекшілігімен бапкерлер спортшылардың нәтижелерін саралап, 2027 жылы өтетін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтау жұмыстарын жүргізуде.
Чемпионаттағы барлық жекпе-жек Қазақстан таеквондо федерациясының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілуде.
Жарыс бағдарламасы:
4 қараша – I жарыс күні
Ерлер: −54 кг, −58 кг.
Әйелдер: −49 кг, −73 кг, +73 кг.
5 қараша – II жарыс күні
Ерлер: −68 кг, −74 кг, +87 кг.
Әйелдер: −46 кг, −62 кг, −67 кг.
6 қараша – III жарыс күні
Ерлер: −63 кг, −80 кг, −87 кг.
Әйелдер: −53 кг, −57 кг.